Өскеменде ретрокөлік иелері сайлауға барып, дауыстарын берді
Өскемендік ретрокөлік иелері бұл күнді өз қауымдастығына тән дәстүрлі шарамен бастады: алдымен Достық үйінің алдындағы алаңға антикварлық көліктерін тізіп, кейін сол көліктермен сайлау учаскелеріне аттанды, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
Топ мүшелері үшін бұл сапар өз автомобильдерін көпшілікке көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар азаматтық борышын өтеу тәсілі болды. Автоәуесқойлар республикада өткізілетін ірі саяси іс-шараларды әрдайым қолдап отырады.
Қауымдастық мүшелері тек сайлау кезінде ғана жиналмайды. Күнделікті өмірде олар көрмелерге, қалалық мерекелерге және шоуларға қатысып, басқа дәуірден сақталған көліктерін көрермен назарына ұсынады.
Өскемендегі ретрокөліктердің нақты санын иелерінің өзі де дөп басып айта алмайды. Себебі қарапайым: ондай автомобиль иелерінің барлығы бірдей көліктерін көпшілік назарына шығаруға дайын емес. Олар үшін мұндай машина жай ғана көлік емес, көп жылғы күтімнің, жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарының жемісі. Сондықтан кейбіреулер тәуекелге бармай, өздерінің сүйікті тұлпарларын бұқаралық іс-шараларға шығармауды жөн көреді.
Бұл жолы қатысушылар бірнеше көлікті жинап, Достық үйінің жанында шағын экспозиция ұйымдастырды. Одан кейін көліктер бірінен соң бірі алаңнан кетіп, сайлау учаскелеріне қарай бет алды.
Осылайша, әдетте сыртқы келбетімен және тарихымен көз тартатын ретрокөліктер бүгінде мүлде басқа себеппен қала өмірінің бір бөлшегіне айналды. Олардың иелері әуесқойлықты азаматтық белсенділікпен ұштастыруға болатынын көрсетті.
Мира Круль
Елена Бредихинаның фотосы

