ШҚО әкімі: Жылыту маусымына дейін барлық жөндеу және дайындық жұмыстарын аяқтау қажет
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Шығыс Қазақстан облысының алдағы жылыту маусымына дайындығы қаралды.
«Қысқы кезеңге дайындықтың шешуші кезеңіне қадам бастық. Осы аптада облысымызға Энергетика министрі келіп, Өскемен мен Риддер қалаларындағы барлық жылу электр орталықтарын аралап шықты. Жалпы алғанда аталған нысандардың жылыту маусымына дайындығын оң бағалады. Дегенмен, аудандық қазандықтарда, жылу желілерінде, көп қабатты тұрғын үйлерде, бюджет саласындағы нысандарда жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау қажет. Осыған байланысты жөндеу науқаны аяқталғанға дейін бұл мәселе бойынша кеңестерді апта сайын өткізіп отырамыз», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, 21 тамыздағы жағдай бойынша Өскемен ЖЭО-ның дайындығы – 73,1%, Согра ЖЭО – 83,6%, Риддер ЖЭО – 72,8%.
Биыл Глубокое кентіндегі аулааралық жылу желілерінің ұзындығы 10,3 км болатын учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуда. Нысанның дайындық деңгейі – 95%, оны тамыз айында іске қосу жоспарланған.
Жылыту маусымына жалпы көмір қажеттілігі 3 087 мың тонна, оның ішінде халық үшін – 452,5 мың тонна, бюджет ұйымдары үшін – 36,7 мың тонна. Қазіргі таңда халыққа 242,7 мың тонна көмір жеткізілді, бұл жалпы қажеттіліктің 54%, ал бюджет ұйымдарына – 31,7 мың тонна немесе 86%.
Облыс әкімі қазандықтар мен жылу желілеріндегі барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Әсіресе Риддер, Глубокое, Алтай қаласы және Қасым Қайсенов кентіндегі жылу нысандарына баса назар аударуды жүктеді. Сонымен қатар, 1 қыркүйекке дейін Курчум, Серебрянск, Алтай және Жаңа Бұқтырма қазандықтарындағы жөндеуді аяқтау міндеттелді.
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және мәдениет басқармаларына бюджет саласындағы нысандарды жылыту маусымына дайындауды 10 қыркүйекке дейін толық аяқтау тапсырылды. Облыс әкімі атап өткендей, жылыту маусымына дайындық үшін қала және аудан әкімдері жеке жауапкершілік жүктеледі, ал аталған мәселе облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында тұр.