ШҚО әкімі: мал азығын дайындаудағы кешеуілдеуді жою бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет
Мал шаруашылығы үшін қысқы мал азығын дайындау мәселесі Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен кеңесте қаралды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025-2026 жылғы қысқы маусымға ауыл шаруашылығы жануарларын қыстатуға 1630 мың тонна мал азығы қажет, оның ішінде шөп, пішендеме, сүрлем, құрама жем және сабан бар. Бүгінгі күні облыста 858,02 мың тонна шөп, яғни жылдық жоспардың 81,9% дайындалды.
«Облыста жеткілікті ресурс пен техника болғанына қарамастан, қысқы мал азығын дайындау жұмыстары бірқатар бағыттарда баяу жүргізілуде. Әсіресе сүрлем (19,6%), сабан (15,4%) және құрамажем (3,1%) дайындау көрсеткіштері өте төмен. Шөп жинау деңгейі Риддерде (36,9%) және Тарбағатай ауданында (43,1%) сын көтермейді, бұл жұмыстардың әлсіз ұйымдастырылғанын көрсетеді. Кешеуілдеу сондай-ақ Күршім, Марқакөл және Самар аудандарында байқалады», — деп атап өтті ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Осыған байланысты облыс әкімі шөп дайындаудағы кешеуілдеуді жою бойынша қосымша шаралар қабылдауды, қосымша техника мен ресурстар тарту мүмкіндігін қарастыруды, қолайсыз ауа райын ескере отырып, жұмысты ұйымдастыруды, сондай-ақ резервтік кестелер мен маршруттарды енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек, өткен жылдардағы мал азығы қалдықтарын ұтымды пайдалану шараларын қабылдау қажет.