Газета Мой Край

ШҚО-да теміржол саласы мен туризмді дамытуға бағытталған келешегі зор жобалар жүзеге асырылуда

20 августа 2025, 9:07
0
ШҚО-да теміржол саласы мен туризмді дамытуға бағытталған келешегі зор жобалар жүзеге асырылуда

Мемлекет Басшысының туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында биыл «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ көлік инфрақұрылымы нысандарын жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.

Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысындағы теміржол учаскелерінде жолдарды күтіп-ұстау және жағдайын жақсарту мақсатында 15,6 шақырым ағаш негіз темірбетонға ауыстырылды; 18,6 шақырым жолға орташа жөндеу жасалды; 25 жиынтық ауыспалы құрылғы орнатылды және 4,5 шақырым негізгі жолдарға рельстер алмастырылды.

Бұдан бөлек, «Локоть–Алтай–Риддер» учаскесінде 122 шақырым жол жаңғыртылуда, «Күмістау–Көкжиек» және «Бұқтарма–Заводинка» аралықтарында «Vossloh» бекітпесімен темірбетонды шпал төсеу жұмыстары аяқталуда. Сонымен қатар, биыл Өскемен, Риддер, Алтай, Күмістау және Шемонаиха вокзалдарын жаңғырту жоспарланған.

Көлік саласын цифрландырудың мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде «Өскемен-1», «Риддер» және «Алтай» станцияларында тасымалды басқарудың автоматтандырылған жүйелері енгізілуде. Сонымен бірге жолдарды мобильді зертханалар мен сенсорлар арқылы диагностикалайтын интеллектуалды жүйелер, QR-бақылауы бар электрондық билеттер, жүк тасымалын цифрлы басқаруға арналған онлайн-платформалар қолданысқа енгізілуде. Байланыс пен сигнал беру жүйелері жаңартылып, жылжымалы құрам мен энергия тұтынуды бақылауда «Интернет заттар» технологиясы қолданылуда. Бұдан өзге, қозғалыс кестесін болжау және ақаулардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні пайдалану жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

Жалпы, биылғы жылдың басынан бері Шығыс Қазақстанда теміржол көлігімен 3576,8 мың тонна жүк және 169,5 мың жолаушы тасымалданды. Жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін «Нұр-Сұлтан–Өскемен-1», «Алматы-2–Өскемен-1», «Өскемен-1–Алтай», «Өскемен-1–Риддер» бағыттарында пойыздар қатынауда. Өткен жылдан бастап «РЖД» АҚ «Риддер–Новосибирск» халықаралық теміржол бағытын іске қосты. Теміржол желілерінің жалпы ұзындығы 576 шақырымды құрайды. Қолданыстағы магистральдық желі облыс орталығын Риддер, Алтай және Шемонаиха қалаларымен байланыстырады, сондай-ақ Абай облысына және Ресей Федерациясының Алтай өлкесіне шығуды қамтамасыз етеді.